воскресенье, 22 февраля 2015 г.

Таңсық Мажитова. Портретші

Портретші
Бөлісу…


Кез келген адамның ішкі дүниесі жан баспайтын арал дейікші. Онда өзгені кіргізбек түгілі, өзіңнің де кейде «қалғың» келмейтін сәттер болады… Сонда тұл­ғаның жан дүниесіне қандай теңеу табамыз? Оның жұбанышы, жалғыздығы, мұңы, жалпы, ой-сезімінің мың түрлі сәуле шашып құбылуы кім-кімді де түрлі ой­ларға жетелемей ме? Біз елордадағы Академиялық кітапханада ашылған суретші Таңсық Мәжитованың көрмесінде болғанымызда интуиция иірімдері арқылы осы замандағы тұлғалармен бір сәт сырласқандай күй кештік.

Портрет жанры, оның ішінде психологиялық портрет – сурет өне­­­ріндегі кез келген суретші бағындыра алмайтын бір шың. Онда аты айтып тұрғандай, адам психологиясы ашылуы тиіс. Кей­іпкердің өмірдегі киіп жүрген бетпердесі емес, соның аржағындағы өзі кө­рінуі керек. Ары-бе­ріден соң кейіпкер мен суретші арасындағы терең сұхбат бұл. Бұл сұхбатта су­ретші кейіпкердің жан дүниесін көпшілікке жайып береді. Кітапхананың көрме залында біз осындай ашық сұхбаттың, терең ізденіс пен кәсіби шеберліктің нәти­жесінде дүниеге келген портреттерді көрдік. Мәселен, «балғын Мәдинаның» жү­­­­зіндегі жастық жігер мен аңғалдық, ойнақылық, сұлулық жан дүниесінің тазалығымен, тіршілікке, адамдарға деген сенімімен астасып жатыр. Шляпа киген Асекең (Асанәлі Әшімов) бейнесі әртістің өмірге құштарлығын, аздап тәкаппар­­­лығын, өнердегі даралығын көрсетеді. Жалпы, мұнда негізінен қоғамға танымал тұлғалардың портреттері қойылыпты. Атап айтқанда, ақын-жазушылар арасынан Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Герольд Бельгер, ғалымдар ішінен Төрегелді Шарманов, Мұрат Әуезов, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, балет бишісі Болат Аюханов, режиссер Сатыбалды Нарымбетов, саясаткер Оралбай Әбдікәрімов, басқа да тұлғалардың бейнелері портретке айналып, көрерменді шақырып тұр.

Суретші Мәжитованың шығармашылығына тән ерекшелік – жаттандылықтан аулақтығы дер едік. Ол салған портреттер жан-жақтылығымен, жандылығымен, алыстан қарасаң, бір бөлек, жанынан көрсең, басқаша әсер беріп, көрерменді магниттей тартатын сиқырымен шынайы көрінеді. «Әрбір туындыға барымды салып еңбектенем. Өйткені, оның әрбірі маған өз ерекшелігімен қымбат. Кейде бейнелеуге зауқым соқпай жүретін кездер болады. Бірақ, іштей жұмыс істеймін. Әсіресе, тыста жүргенде әрбір сәттерден әсер алып, сонымен шабыттанып, қанаттанып жүремін. Бұл «ішкі еңбек» тек шабыт күйінде қалмай, өз-өзінен сыртқа сұранады. Міне, осы кезде саламын. Портретпен жұмыс істеу барысында кейде шабытқа қоса үлкен дайындық та керек. Ол дайындық әбден құлақ күйіне келген домбыраны елестетсін дейік. Ондай домбыра міндетті түрде тартылады, ал сен міндетті түрде салуың керек. Басқа әңгіме жоқ. Бірақ, бейнелейтін адамыңның мінез-құлқын жақсы білмейсің. Бәлкім, ол жұмысты аяқ астынан үзіп, «ертең жалғастырайық» дей ме, кім білсін? Бәлкім, ол адамға ештеңе керек емес. Дүниеден, тіршіліктен аларын алып, берерін берген, қартайған, қажыған, өз ішкі дүниесінің арпалысын ешкімге көрсеткісі келмей, аулақтанып, тұйықталып қалған. Ал сен оған барып, «сіздің суретіңізді салғым келеді» десең, қалай қабылдайды? Керісінше, өз-өзін портреттен көргісі келіп әбден дайындалатын кейіпкерлер бар. Бірақ, ішкі дүниесін сен түгілі, өзінен де «тығып» тастаған. Оны сыртқа «алып шығу» қаншалықты қиын екенін суретші ғана біледі. Түрлі мәселелер бар болса да, жаңа айтқанымдай, алған бетіңнен қайтпай бәрібір салуға тиіссің. Жәй сала салмай, көрген адам тоқтап қарайтындай етіп салғың келеді. Оған ешкім назар салмаса, еңбегіңнің босқа кеткені. Міне, сондықтан психологиялық портрет бейнелеу өнеріндегі ең бір күрделі жанр ретінде есептеледі. Әлемде бұл жанр бойынша жұмыс істеген суретшілердің ішінен Гойя мен Веласкесті ерекшелеп атар едім. Осы он шақты жыл көлемінде портрет салумен шұғылданамын. Бұл жолдағы шығармашылығым тек қоғамға белгілі тұлғалардың бейнелерінен емес, түрлі бейнедегі қарапайым адамдардан да тұрады», дейді суретші бізбен әңгімесінде.

Көрмедегі портреттер әлемі кім-кімді де қызықтырары сөзсіз. Онда біздің қоғамның ең танымал адамдары бейнеленген. Оларды салу барысында қызықты, естен кетпес оқиғалар болмай қалуы мүмкін емес. Суретшіден осы жайында да айтып беруін сұрағанбыз. «Қызықты оқиғалар көп. Соның өз жаныңа әсер етуі бір бөлек дүние десек, маған осыдан бір жылдй бұрын Әбіш ағаның портретін салу ерекше әсер етті. Портрет салынып біткеннен кейін өзімнің рухани жағынан жаңа деңгейге көтерілгенімді байқадым. Бастапқыда оны шығармашылық адамы, қоғамға таныс тұлға ретінде рухани пісіп-жетілген бейнесі мен жайдары көңіл-күйдегі сәтін көрсеткім келген. Бірақ жұмыс барысында ол кісінің мүлде көңіл-күйінің жоқтығы, жасанды поза ұстай алмайтыны әбден белгілі болды. Мен жұмы­сымды тоқтатқам жоқ. Сол сәтте адам қандай болса, сол адамды салайын деп шештім. Нәтижесінде анау ілініп тұрған портрет өмірге келді. Ол кісінің өзі: «Қызым, менің дәл осы уақыттағы бейнемді жасапсың. Мейлі, басымнан қандай күндер өтіп жатқанын халық білсін. Рахмет саған», деді.

Шын өнер иесінің күйбең тіршіліктің қам-қарекетінен биіктеу тұратыны бар. Сол үшін пысықайлар табатын дүниені ол таба алмайды, олардың табаны тиген жерлерге аяғы жетіп бара да алмайды. Біздің суретшіміз де өнер жолындағы адалдықты биік мұрат деп түсінеді. Мәселен ол: «Суретші де адам, оның да отбасы бар. Өнері тіршілігіне де таяныш болу керек. Бірақ біздің қоғам портреттерді өз бағасына сатып алу деңгейіне жеткен жоқ. Арзымас ақшаға сұрайды. Ол қаражат біздің нәпақамызды айырмақ түгілі, бояу сатып алуға жетпейтінін түсінбейді. Сондықтан, тек мен ғана емес, суретшілердің көбі басқа да жұмыстар істеп, күн көреді. Өз басым тек шығармашылықпен айналыссам деп армандаймын», дейді. Әрине, өнер адамы үшін ең бірінші орында – шығармашылық, сосын оның нәтижесі. Бұл тұрғыда Таңсық тек шығармашылықпен айналыспаса да, көп еңбектеніп жүрген суретшілер қатарында. Қарағанды қаласында тұратын суретшінің 2005 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан жеке көрмелері – соның дәлелі. «Түстерді тыңдаңыздар…», «Бояулар элегиясы», «Жаздың бейнесі», «Виват, Карағанды», «Адам. Уақыт. Дәуір» сынды Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында ұйымдастырылған көрмелері арқылы суретшіні өнерді түсінетін, бағалайтын адамдар жақсы таниды деген ойдамыз.

Академиялық кітапханада өткен көрмеге санаулы ғана адамдар, яғни бейнелеу өнерінің өз өкілдері қатысты. Себебі, бұл жолғы көрме Таңсықтың Суретшілер академиясының мүшелігіне қабылдануына орай ұйымдастырылған екен. Кеште арнайы сөз алған Суретшілер қауымдастығының басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Хасен Абаев суретшіні өнерде жаңа бір белеске шығуымен құттықтады. «Мәжитованы нәзік жанды суретші дегенімізбен, ол бейнелеген тұлғалардағы рух қандай! Олардың әлеуетіне, кесектігіне қарап, әйел суретшінің қолынан шыққан дүние деп ойламайсың. Сурет­шінің даралығы, қолтаңбасы осында деп ойлаймын. Ол нағыз портретші», деді. Бұл Таңсыққа берілген әділ баға болуы тиіс.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

ТАҢСЫҚ МАЖИТОВА «ЖАНАРДА ЖҮРГЕН ҚОНАҚТАП, ҚОҢЫРҚАЙ КҮЗДЕ СОРЛЫ МҰҢ» БІР СУРЕТТІҢ ТАРИХЫ

«ЖАНАРДА ЖҮРГЕН ҚОНАҚТАП, ҚОҢЫРҚАЙ КҮЗДЕ СОРЛЫ МҰҢ»
БІР СУРЕТТІҢ ТАРИХЫ

Бұл портреттің авторы – қарағандылық суретші Таңсық Мәжитова. Осыдан екі-үш жылдай бұрын Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай қазіргі Назарбаев орталығында ұйым­дастырылған «Адам. Уақыт. Дәуір» көрмесінен Фариза ақынның жағын таяна, мұңлы жанарымен ойлана қалған қалпы көзімізге оттай басылып, алдында ұзақ тоқталғанымыз бар еді. Бар болғаны Арқалық педагогикалық  институтының көркем сурет факультетін тәмамдаса да, қылқаламшы ретінде бояуы қалың, болмысы бөлек дүниелерге бейім Таңсық кейінгі он шақты жылда қазақ қоғамының белгілі тұлғалары мен қайраткерлерінің портрет галереясын жасауды сүйікті ісіне айналдырыпты. Әр портреттің артында тұлға хақында тұщыну, қыр-сырына қанығу бар. Сырын білмей сыршырай шықпайды, әйтпесе. Фариза ақынға да суретші сондай мағлұмат жинап барғанмен, өлеңдегі бейнесі мен өмірдегі мінезі бір-біріне кереғар жанмен бетпе-бет келгенде жіпсіз маталғанын айтады. Әрі қарайғы сөзді Таңсықтың өзіне берейік:
«2011 жылдың бас кезі еді. Телефон арқы­лы жөнімді айтып ем, «Жарайды, келе ғой» деп құлықсыздау жауап қатқанына қара­мастан, мольбертімді, бояуымды алып үйіне бардым.
Бір уақытта:
– Мені, жұрт «тікенек» дейді. Ал, ертең салған суретің ұнамай қалып, тілім тиіп кетсе қайтесің? – деп тергей бастады. Өзімнің қазақша ағылып тұрғаным шамалы, шала былдырлап, ық жағынан сая тапқандай боп іске кірістім. Баяғыда өлеңдерін неміс тіліне тәржімалауға келген аудармашыәйелді алдына тартқан қойдың басына кеңкілдеп күлгені үшін үйінен қалай шықпыртып қуыпшыққандығы жөнінде ел аузында жүрген әңгіме қайта-қайта есіме түсіп, аяқасты ебіл-дебіл болақалдым. Апайымның жұмыс үстелінде жиырылып отырғанын көріп, мүлде қолым жүрмеді. Шыдай алмай, рұқсат сұрап кетіп қалдым.
Шыға көзімнен жас парлап, ақынның сынай қа­ра­ғанына арбалып қалғаныма бір жағы қорла­нып, бір жағы мысы басым екенін мойындап келемін. 
Содан кейін біраз уақыт қолыма қылқалам ұстай алмай қалғаным есімде. Бірнеше айдан соң Асанәлі Әшімов ағамыздың портретін салудың орайы түсті. Қорыққаннан не жан қалды дейсіз? Беттің арын белбеуге түйіп, ағамызға болған жайды баяндап, «сіз де сөйтіп кілтіңізді аспаннан іздетіп әуреге салмайсыз ба?» деген сұраулы жүзбен қарағаным бар.
Әртіс дегенің – қанша дегенмен оңай жұғы­сатын, адам жанының емшісі екен ғой. Менің тосылып тұрғанымды байқап: «Қызым, шығар­машылық адамында ондай тоқырау болады. Апаңның әдегеннен көңілге қонақ бермеуі сенен жеткілікті дайындықты көрмеген болуы керек. Жүрегің орныққанда, тағы бір алдынан өт» деп ақылын айтты.
Қоңыр күзде қайыра қоңырау­латтым. Бұл жолы ақынның иі жұмсақ:
– Ә, Таңсықсың ба? Сені сол кеткеннен жоғалған шығар деп ойлап едім. Келе ғой, айналайын! – деп, әңгіменің түйінін өзі тарқатып берді. Содан үш-төрт күн жұмыс істедік. Таңертең өзі бәйек болып  күтіп алады.  Өз қолымен пісірген ыстық тоқаш-бауырсағын да жедім, ыстық ықыласына да бой жылыттым. Жұрт қатал, бетке айтатын тікмінез дейтін Фариза ақынның шын мәнінде жүрегі нәзік, көкірегі шерлі, өзім деген жанға өзегін жұлып берердей бауырмал жан екенін сонда сездім. Бірталай әңгіме айтты, бірақ ортадағы көзге көрінбейтін байланысты ұстап, есіл-дертім кенеп үстіндегі кейіпте болғанда оның ешқайсысын қаперге ілмеген екем ғой.
«Келесің дәйім шілденің
От күні болып, ынтығып.
Құшағыңда
құрып сүлдерім
Шыға алмай қалам
бұлқынып.

Кетеді сонда жон аттап
Тәкаппар менің өрлігім,
Жанарда жүрген қонақтап
Қоңырқай күзде сорлы мұң»
- деп жырлаған ақынның ішінде өзімен бірге талай  құсалы сыр, құмбыл дауыс кеткендей болады да тұрады» дейді Таңсық суретші. Сол күннен қалған естелік – ақынның сәтті портреті қазір Таңсықтың төрінде ілулі тұр.
Әділбек ЖАПАҚ